Көкшетау қаласындағы Bolashaq Saraiy-ында «Жұмысшы мамандықтар жылы: жаңа мүмкіндіктерді ашу» өңірлік жастар форумы ресми түрде ашылды. Іс-шара Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткізіліп, билік өкілдері, бизнес, білім беру мекемелері мен жастар арасындағы маңызды диалог алаңына айналды.
Форумға 500-ден астам қатысушы, 29 колледж және өңірдің жетекші компанияларын таныстыратын 44 әлеуметтік серіктес жиналды. Ақмола облысы агроөнеркәсіптік секторда, құрылыс, металлургия және туризм салаларында жетекші орындарға ие. Өңірдегі 800-ден астам өнеркәсіптік кәсіпорын мыңдаған жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту экономика үшін маңызды рөл атқарады, ал жас мамандарды даярлау – жұмысшы мамандықтарының ұрпақтар сабақтастығының негізі.
Жастар форумы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Талғат Жүнісұлы, «Talap» КЕАҚ президенті Санжар Тәтибеков және Социалистік Еңбек Ері Есілбай Қадралиннің қатысуымен өтті.
Олар интерактивті көрменің жұмысымен танысты. Бұл көрмеде өңірдің 10-нан астам жетекші колледжі ұсынылып, онда IT және робототехникадан бастап, кондитерлік іс, ветеринария және маркшейдерияға дейінгі сұранысқа ие мамандықтар оқытылады.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов атап өткендей, бүгінгі таңда Ақмола командасының қоржынында 35 алтын, 21 күміс және 30 қола медаль, сондай-ақ 57 «Кемелдік медальоны» бар. Бұлардың барлығы WorldSkills кәсіби шеберлік байқауында олжаланған. Сонымен қатар, өңірдегі барлық ТжКБ ұйымдарында 700-ден астам кәсіпорынның қатысуымен Индустриялық кеңестер жұмыс істейді, ал мақсатты кадрларды даярлау түлектердің тиімді жұмыспен қамтылуына ықпал етеді.